Жаңалықтар

Ж. Үшкемпіров: қазақ жастары – еңбекқор…

Заман өзгергенмен спортқа деген құрмет өзгермейді. Яғни, қазіргідей жаһандану дәуірінде, цифрлық технологиялық дәуірінде спортқа қызығушылық төмендейді деген өте қате пікір. Бұл жөнінде маған қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров айтып берді. Спорт ардагері кәсіпқой мансабындағы қызықты да күрделі кезеңдерін еске алып, биік белестерді бағындырудың құпиясымен бөлісті. Әсіресе, париоттық тәрбие, ұлттық рух және өз-өзіңді жігерлендіру (мотивация) жайында сөз қозғады.

 – Қазіргі жастар бұрынғымен салыстырғанда әлсіздеу. Спортпен беріліп айналыспайды. Жанкештілікке бара бермейді деп жатады. Расымен де солай ма?

–  Олай деп кесіп айтуға болмайтын шығар. Қазіргі жастар өте қабілетті. Көздері ашық. Барлық жағдай да жасалған. Тіпті, Кеңес Одағымен салыстырғанда саладағы көрсеткіштеріміз артық болмаса, кем емес. Біздің жас кезімізде, әрине, 15 республиканың басы бір жерге қосылды. Сәйкесінше, оның ішіндегі бәскелестік те жоғары еді. Сондықтан, әлем чемпионаты не олимпиада ойындарына бару қиын болды. Тіпті, шетелге шығудың өзі арманға айналатын. Ал, қазір бұндай кедергілер жоқ. Қабілеті мен қарымы үйлесіп тұрса, әлемнің кез-келген бұрышындағы жарысқа қатысуға болады. Бірақ, ел ішіндегі бәсекелестіктің төмен екенін мойындау керек. Ішкі чемпионаттарда үнемі кездесіп жүрген жігіттер белдеседі. Бір-бірін жақсы танып алған. Басқа қарсыластар жоқ. Соның салдарынан, әлемдік деңгейдегі биіктерді бағындыра алмай жүрміз.

 – Сұрағымды сәл өзгертіп, қайта қойғым келеді. 80-90-шы жылдармен салыстыранда спортқа деген көзқарас, спортқа деген құрмет қатты өзгерді ма? Әсіресе, жаһандану дәуірі кейінгі толқынды кәдімгідей бүлдіріп жіберген жоқ па?

– Спортқа деген құрмет ешқашан төмендемейді деп ойлаймын. Керісінше, қазір барлық жағдай жасалып жатыр. Аудан орталықтарында, тіпті, шағын ауылдарда да спорттық кешендері бар. Мәселен, мен Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Мыңбаев деген елдімекенде осындай нысанды аштым. 7 жылға жетер-жетпес уақытта біраз баланы спортқа баулып, республикалық деңгейдегі чемпиондарды шығардық. Тіпті, бокстан Азия чемпионы атанған шәкіртіміз бар. Бұның барлығы керемет көрсеткіштер ғой. Осыған қарап жастарымыз аса еңбекқор екенін байқауға болады. Әрине, әлі де жетілдіре түсетін, үйрете түсетін тетіктер бар. Бірақ, 80-ші не 90-шы жылдардағы жастардан қазіргілердің еш жері кем емес.

– Патриоттық сезім деген дүние бар. Қазір оны дұрыс ұғынып жүрміз бе? Спортшылар арасында осы бағыттағы тәрбие қалай жүру керек? Жалпы оны бөлек қарастырып, онымен бөлек айналысу керек пе?

– Бұның негізінде идеология деген дүние жатыр ғой. Бұл өте маңызды мәселе. Біз өз елін өлердей сүйетін азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Егер осындай қасиет жетіспей жатса, спортшының емес, біздің, яғни, аға буынның кемшілігі. Өйткені, біз жасы үлкен толқын ретінде үлгі көрсетіп, дұрыс бағыт сілтеп отыруымыз қажет. Әсіресе, тарихи құндылықтарымызды насихаттап, мектеп жасынан баланың санасына құя беру керек. Мәселен, спорт саласындағы айтулы тұлғаларды мектеп оқушылары біліп өссе деймін. Айталық біз бұрын Қажымұқанға қатты еліктедік. Сол туралы ақпарат іздедік, естелікер оқыдық. Ол кісі жайында бір-ақ кітап болатын. Кітапханаға түсісімен таласа-тармаса алып кетеміз. Кейін сол сияқты болсам деп армандаймыз. Сонда бір атамыздың аруағы үшін күреспен айналысып, талай биіктерге көтерілдік. Міне, кітаптың құдіреті. Өкінішке орай, қазір бұл бағыт бізде ақсап тұр. Мәселен, мен олимпиада чемпионы атанғаныма 40 жыл болды. Оны, әрине, өзімнің замандастарым мен одан кейінгі толқын біледі. Ал, кішкентай бүлдіршіндер хабарсыз. «Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы кім?» деп сұрасаң жауап таба алмай жатады. Ол жаңағыдай оқулықтардың жоқтығынан. Ол мектеп бағдарламасында жоқтығынан. Қолда барды қадірлей білу керек. Кейінгі толқын әлгі Американың не Еуропаның спортшыларына еліктемей, өзіміздің де батырлар барын біліп өссе деймін. Патриоттық тәрбие деген осы шығар. Ол көзге көп көріне бермейді. Бірақ, жастар тәрбиесіндегі маңызы орасан.

Бұл сұрағым да алыңғысына ұқсас болуы мүмкін. Спортпен кәсіпқой тұрғыда шұғылданып жүргеніңізде мотивацияны қайдан алатын едіңіз? Жігерлендіруге не намысты оятуға қандай факторлар әсер етеді? Жалпы мотивация дегеннің айтулы жарыстарда рөлі қандай?

– Бұл сол тарихымыздан бастау алатын дүние ғой. Рухтандыру деген мәселеге, әсіресе, Кеңес Одағы кезінде қатты мән берілді. Мәселен, Павлик Морозов деген кейіпкерді қатты насихаттайтын. Ол бала кезден ержүрек болған, немістермен соғыста батырлық танытқан деп айта беретін. Кейін оны бәрі идеал көрді. Ал, өз басым қазақтың атын шығарсам, қазақтың абыройын асқақтатсам деп күресетінмін. Негізгі мотивациям осы еді. Өйткені, Кеңес Одағы құрамында қанша халық болғанын білесіз. Араларынан суырылып шығу оңай емес. Бірақ, жоғарыдағы мотивацияның арқасында біраз жерге жеттік. Меннен басқа күрестен 2 дүркін Кеңес Одағының чемпионы болған Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Амангелді Ғабсаттаров сияқты азаматтар бар. Бокстағы Әбдісалам Нұрмаханов, жүгірудегі Әмин Тұяқовтың да шоқтығы биік. Міне, Кеңес Одағында осындай саусақпен санарлық қана қазақ баласы ұлттық құрамаға ілікті.Әрине, қазір оны айта салу оңай. Бірақ, сол кезде біраз тер төктік. Барлық қиындықты еңсердік. Мәселен, олимпиада ойындарында алғашқы қарсыласым атақты румыниялық жігіт болды. 3 дүркін әлем және 2 дүркін еуропа чемпионы атанған. Соған қарап тұрып ойладым «мен мына жерде жеңуім керек не өлуім керек» деп. Міне, мотивация. Елім, жерім деген сезімнің құдіреті керемет қой. Қазіргі жігіттер де намысты әрі жігерлі болса деймін. Ұлтқа деген сүйіспеншілік негізі мотивацияға айналса, одан ұтарымыз көп.

 – Қазақ жігіттері психологқа көп бара бермейді. Менталитет сондай ғой. Бірақ, кейінгі кезде осы бағыт әлемде нықтап қолға алынып жатыр. Тіпті, әр құрамаға осындай бір-бір маманнан қосып қойған. Соның өзінде оның көменіге жерлестеріміз көп жүгінбейді екен (әсіресе, боксшылар, палуандар, каратэшілер). Осыған қатысты көзқарасыңыз қалай?

– Әр адам ең алдымен өзі психолог болуы керек. Әрине, бастама өте дұрыс. Осындай қолдау түрінің қажеттілігі бар шығар. Бірақ, бәрібір айналып келгенде көп нәрсені өзіңнің ішкі түйсігің мен түсінігің шешеді. Соны ескерген абзал. Бұған қоса, бапкерлер де керемет психолог болу керек.

 

Сұхбаттасқан: Аслан Қаженов

Сұхбат уақыты: 26.02.2020 ж

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button
Жабу
Жабу