Жаңалықтар

Сәбит Жүсіпов: 1-2 жылда UFC төрінен табылам

 

Аралас жекпе-жек шебері және «Толағай» ЖШСМ спортшысы Сәбит Жүсіпов бірер жылдың көлемінде біраз биікті бағындыруды көздейді. Оның ішінде төрткүл дүниеге танымал UFC ұйымымен келісімшарт жасасу жоспары да бар. Бұл жөнінде спортшының өзі онлайн-сұхбат барысында мәлімдеді. Біз карантин уақытында  әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы Сәбитпен тікелей эфирде сөйлескен ек. Шамамен бір сағатқа созылған әңгіменің ең өзекті деген тұстарын назарларыңызға ұсынамыз.

«Жоспарым өте көп. Әсіресе,  Тарцизио Гоместен есе қайтаруды тағатсыздына күтіп жүрмін. Бразилиялық спортшымен алғаш рет Алматыда жолыққан ек. Әлі күнге дейін одан қалай ғана жеңілгенімді түсінбеймін. Өйткені, бабым жарасып тұрды. Өзімді өте жақсы сезіндім. Жанкүйерлердің қолдауы да керемет еді. Бірақ, аяқасты бір соққыны жіберіп алдым. Сол сәт жекпе-жек тағдырын шешіп кетті. Әрине, мықтылығын мойындаймын. Бірақ, мен одан да мықты екеніме сенімдімін. Сондықтан, қарымта кездесуге қатысты қарбаласты бастадық.  Бірақ, оны ұйымдастыру бір ойлағандай оңай емес. Алдымен тағы бір жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетуім керек. Одан кейін ғана Гомеспен  жолығуға жол ашылады. Айтпақшы, дәл осы нәтиже титулды жекпе-жекке шығуыма  кедергі болды. Бірақ, әлі де кеш емес. Қысқа уақыт  аралығында бәрін қалпына келтірем деген ойдамын», – дейді Сәбит.

«Кәсіпқой мансабымдағы ең ауыр жекпе-жек  Глеб Хабибулинмен болды. Өйткені, ол ең басынан  жоспардағыдай өтпеді. Кездесу 3 раундқа созылды. Яғни,15 минут бойы өзара мықтыны анықтай алмадық. Айқастың уақытынан бұрын аяқтала қоймайтынын білгенбіз. Білдік те, бірнеше ай бойы арнайы дайындық жүргіздік. Бір өкініштісі, кездесу барысында аяғым істемей қалды. Яғни, қимылы қиындады. 3-ші раундта Глебтің де шаршағанын байқадым. Өйткені, соққалары әлсіз бола бастады. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырыстым. Бірақ, жекпе-жек соңында төреші қарсыласымның қолын көтерді.»

«Қазір менде ешқандай жарақат жоқ. Бұрын бүйрегім ауыратын. Карантин уақында оны емдеп алдым.»

«Негізі күреске аса жоқпын. Яғни, жекпе-жек барысында тік тұрып төбелескенге басымдық берем. Бірақ, оған тоқмейілсуге болмайды. Күрес жағын біраз жетілдіру қажет. Осы мақсатта өзіммен бір командадағы Мұратбек Қасымбаймен (аралас жекпе-жек шебері) жаттығамын. Яғни, тәжірибе алмасамыз. Өйткені, ол күреске жақсы. Ал, мен соққыларға екпін жасаймын.»

«Бүгінге дейін «Ахиллес» деген лақап атпен шығып жүрмін. Оны маған кезінде қарағандылық бапкерлер қойған. Қазір енді «Luckу» деген атқа таңдауым түсіп жүр. Ағылшын тілінен аударғанда «бақытты» деген мағынаны білдіреді. Екеуі де жақсы. Нақты қайсысына тоқталарымды уақыт көрсете жатар.»

«Алдағы 1-2 жылда UFC төрінен табылам. Иә, 1,5-2 жыл қажет шығар. Ал, 3 жыл деген тым көп. Ол үшін алдымен М-1 ұйымымен тұрақты келісімшарт жасасу қажет. Ол жерден чемпиондық белдікті алуға тырысам. Содан кейін ғана UFC алаңына жол ашылады. Менің жағдайымда ең тиімді нұсқа осы.»

«Ең ұнатпайтын жаттығуым – турникке тартылу. Неге екенін өзім де білмеймін. Мүмкін дұрыс шықпағасын шығар. Қазір 15-20 рет тартылам. Әлі күнге дейін осы бағытты жетілдіріп жүрмін.»

«Ең сүйікті әдісім –  «писталетик». Оны көбіне қойын-қолтық ұрыста пайдаланады. Яғни, екі қолды ұстап, аяқты тіреп, тартып тастау ғой. Одан кейін айналып ішке тебуді де жақсы игеріп алдым. Әр жекпе-жекте қолдануға тырысам. Ал, қазір айналып аяғымды қарсыластың басына тигізуге басымдық берем.»

«Жекпе-жек кезінде жарақат алған сәттер болды. Бір айқаста аяғымды қайырып алдым. Тіпті, екінші раундта дұрыс жүруге де мүмкіндігім болмады. Бірақ, барынша білдіртпеуге тырысып, соңына дейін шыдадым.»

«Университетті «денешықтыру және спорт» бағыты бойынша аяқтадым. Ғылыми дәрежем – бакалавр. Спортты қойғаннан кейін бапкерлікпен айналысқым келеді. Өз залым, өз шәкірттерім болғанын қалаймын. Бірақ, әзірге оған ерте. Спорттық мансапты тоқату туралы ойламаймын. Кемінде 4-5 жыл осылай жүруді көздеймін.»

«Жұлдыз ауруымен ауырмадым. Соңғы жекпе-жегімнен кейін осындай пікірлер жиіледі. Бірақ, ол қате деп есептеймін. Қарапайымдылығым соншалық, әлеуметтік желі парақшаларындағы барлық жазбаны қарап, әр оқырманыма жауап беруге тырысамын.»

«Биыл жазда отбасы құрам деген жоспар болған. Карантинге байланысты ол өзгерді (күліп). Енді үйлену қамын алдағы жылға ауыстыратын шығармын.»

«Қазір Армия орталық  спорт клубының (ЦСКА) қатарында бармын. Ол тараптан қолдау жақсы. Қойын-қолтық ұрыс бойынша клубтың  намысын қорғаймын. Тіпті, маған армияға барып келіп, осы салада қызмет етуге болады. Бірақ, бір жыл әскерде жүрсем спорттық қалпымды жоғалтып алатын сияқтымын.»

«2020 жылдың соңына дейінгі жоспар дейсіз бе? Биыл қалай  да аралас жекпе-жек бойынша чемпиондық белдікті алуым керек».

Міне, Сәбитпен болған сұхбаттың ең маңызды тұстары осы. Кейіпкеріміз жайында басқа да тың мәліметтер мен қызықты естеліктер болса, бөлісе отырыңыздар.  

 

АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button
Жабу
Жабу