Жаңалықтар

Ғалым Құлекешев: қазақ күресі еріккеннің ермегіне айналмауы қажет

     Ұлттық күресіміздің төңірегінде қордаланып қалған мәселе жетерлік. Оның кейбірі ақпарат құралдарында айтылып жүр де. Ал, кейбірі «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып жатыр. Осы мақсатта біз еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тәуелсіздік алғаннан бері осы спорттың қалыптасыуна атсалысқан азамат әрі білікті бапкер Ғалым Құлекешевпен әңгімелескен ек. Онлайн-сұхбат карантин уақытында «Толағай» ЖШСМ әлеуметтік желідегі парақшасында болды. Тікелей эфирдегі ең  өзекті пікірлерді назарларыңызға ұсынғымыз келеді. 

«Жақсы спортшы – жақсы бапкер дегенді білдірмейді. Адамның бапкерлікке икемі болу керек. Қазақ күресінің бүгінге дейінгі тарихы және тәжірибесі осыны көрсетті. Әрине, кейде қабілетті спортшыдан білікті бапкер шығып жатады. Бірақ, тағы да қайталап айтам, бұл кейде ғана. Яғни, өте сирек кездесетін құбылыс. Бапкерлік – бұл ерекше білімді, біліктілікті және басқа да қасиеттерді қажет ететін бағыт.»

«Қазақ күресін мектеп бағдарламасына қосуға қатысты кешенді жұмыстар басталды.  Бірақ, карантинге байланысты біраз шаруа тұралап қалды. Айта кету керек, оны жүзеге асыру  оңай емес. Бастапқыда қосымша сабақ ретінде ғана енгізу керек шығар. Бірден оқу бағдарламасына қоса салу қиындау болады. Өйткені, арнайы әдістеме мен арнайы мамандар жоқ. Негізі, бұл міндетті денешынықтыру пәнінің мұғаліміне жүктеу салу қалай болар екен?! Осы мәселелерді жүйелеп алу қажет. Біздің федерацияда осы бағытта арнайы зерттеулер мен сараптамалар жүргізіледі. Басы-қасында еңбек етіп жатқан ғалымдарымыз бар.  Алдағы уақытта солар ұсынған әдістеме негізге алынады. Балалардың бәрі бірдей еместігін де ескерген абзал. Олардың физкалық мүмкіндіктері әртүрлі. Соның бәрін ескеріп, жан-жақты салмақтап, дұрыс бағыт сілтей алатын мамандар керек. Ең алдымен осылардың дайындығын бір жолға қойып алған абзал деп ойлаймын.»

«Қазақ күресінің спорттық киіміне қатысты өзгерістер болды. Яғни, буыннан және тізеден 4 елі төмен түсірілді. Бұл бастаманы да  ұлттық спортымызды ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген ағаларымыз көтерді. Киімнің ұзындау болғаны әдістерді орындауға ыңғайлы. Осының арқасында күрестің тартымдылығы одан сайын артатын шығар. Әрине, оны енді алдағы уақыт көрсетеді. Бірақ, қалай болғанда да, одан әрі ұзартудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әйтпесе, кимонодан (дзюдо спортының киімі)  еш өзгерісі болмай қалады.»

«Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарда әділетсіз шешім шығарылатын кездер болады. Бұл дұрыс емес. Өйткені, кішкентайлардың  сағын сындыруға болмайды. Кейін ол өмір бойы жүрегінде дақ болып қалып қояды. Үлкен психологиялық соққы. Сондықтан, өзім жүрген жерлерде осындай жағдайларға жол бермеуге тырысамын. Ал, «Қазақстан Барысы» сияқты айтулы аламандарда бұндай сәттер болмайды. Өйткені, бейнекамералар бар. Көрермендер де соқыр емес дегендей. Қайталап көріп, төреші шешімін өзгертуге болады.»

«Қазақ күресінде қыздар арасындағы бағыт пайда болды. Бірақ, ұлттық спортымызға келіп жатқан бұрымдылар аз. Алдағы 5-6 жылда бұл бағыт бір жолға түсіп, жоғары деңгейде дамиды деген ойдамын. Өйткені, қазіргі кішкентай қыздар біртіндеп жасөспірімдер, жастар, одан әрі ересектер қатарына қосылады. Сол кезде тартымдылық та арта түседі. Қазақ күресін әлемдік деңгейге шығарамыз десек осы бағытқа ерекше көңіл бөлуіміз керек. Өйткені, белгілі бір спорт түрін Азия ойындары не олимпиада сияқты айтулы аламандар бағдарламасына қосу үшін осындай талаптар орындалу қажет.»

«Менің ойымша, бір жылда барлық жарысты өткізіп шығу ыңғайсыз сияқты. «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» және «Әлем Барысы» сияқты бәсекелерін кезек-кезек өткізсек деймін. Яғни, әрқайсысы 3 жылда бір ұйымдастырылғанын қалаймын. Осындай реттілікпен өтсе қызықтырақ болатын сияқты. Әйтпесе, балуандар өзара жылына бірнеше рет кездесіп, қыр-сырларын  жақсы біліп алған. Бұл құбылыс бірте-бірте спорттың тартымдылығын төмендеті мүмкін.»

«Қазақ күресіне шоу жетіспейді деген пікірмен келіспемін. Оның қажеті бар ма, жоқ па, осы жағын  салмақтап алған абзал. Шоу деген ақша жасаудың жолы емес пе?! Оны қуалып жүріп,  спорттың қадірін жоғалтып аламыз. Өйткені, жапон дзюдосында ондай жоқ қой. Спортшылар тәртіпті шығады, әдемі өнер көрсетеді, бір-біріне құрмет танытады дегендей. Әдемі емес пе? Әдемі! Біздің спортта да осындай жарасым болсын деген ойдамын. Мәселен, мен «Өнер Барысы» деген жобаны құптамаймын. Боз кілемде кез-келген адам емес, хас шеберлер белдесуі керек. Ұлттық ойынымыз еріккеннің ермегі болмауы қажет.»

«Бауыржан Жаналин деген ағамыз бар. Өкінішке орай, қазіргі толқын ол жайында біле бермейді. Ал, негізі қазақ күресінің ережелерін қалыптастырған дәл осы ағай. Елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттық мектеп-интернатта жаттықтырушы болды. Сол кезде ұлттық күресімізді зерттеп,  дәптеріне бірдеңелер түртіп жүретін. Арасында көрсетіп тұрады. Біздің пікірімізді сұрайды. Осылайша 2002 жылы ұлттық ойынымыздың нақты ережесі қалыптасты. Содан бері күрестің талап-ережелері айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Айтпақшы, оның алында Әлімхан Елемес деген ағамыз күрес ережесін балдық жүйе арқылы жасаған (1ұпай, 2ұпай, 3ұпай деп баға беріледі). Ал, Бауыржан Жаналин оны қазіргідей жағдайға алып келді. Енді ойлаймын, осы адамдардың атында спорттық сарайлар салынып не спорттық сайыстар өтсе ғой. Қандай керемет болар еді. Әбден лайықты тұлғалар және уақыт өте ұмытылып бара жатқан осындай азаматтар өте көп. Бұл өте өкінішті.»

«Қазақ күресіне рейтингтік жүйе келуі мүмкін деп жатыр. Оның қажеті жоқ деп ойлаймын. Өйткені,  барлық өңірінде ұлттық спортымыздың дамуы бірдей емес. Теңдей мониторинг жасау мүмкін емес. Мәселен, еліміздің Шығысы мен Оңтүістігінде жақсы дамыған. Ол жақтағы бақылау да мықты. Ал, басқа аймақтарда қабілетті спортшылар шығып, біз оны білмей жүруіміз мүмкін. Сол сияқты қала мен аудан, аудан мен ауылдағы жағдайлар да әртүрлі ғой. Сондықтан, бұл бастама шын мықтыларға тұсау болуы мүмкін. Әсіресе, жаңадан шығып келе жатқан жастардың жолын кесіп тастайды. Сондықтан, осы жүйені енгізбей-ақ, әзірге қоя тұрған дұрыс.»

Міне, Ғалым Құлекешевпен болған сұхбаттың ең маңызды тұстары осы. Кейіпкеріміз жайында басқа да тың мәліметтер мен қызықты естеліктер болса, бөлісе отырыңыздар.  

АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button
Жабу
Жабу