Жаңалықтар

Бокстан оқу-жаттығу жиыны басталады

Боксшыларымыз білек сыбана дайындыққа кірісті. Асқар Еркебаев баптайтын ұлттық құрама мүшелері, яғни, Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай және Сағындық Тоғамбайлар ұзақ үзілістен кейін қайта бабына келе бастады.

«Карантин уақытында шәкірттерім бабын жоғалта қойған жоқ. Бірақ,  жаттықтырушы мен спортшы арасындағы байланыс нашарлады. Бұрын керекті нәрсені бір-біріміздің көзқарасымыздан-ақ түсінетінбіз. Енді осы жаттығулардың бәрін қайталап, спорттық қалыпқа келуіміз керек. Кірме дайындық деген болады. Осы әдістемеден бастаған абзал», – дейді еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Еркебаев.

Иә, бұндай кезде спортшыға бірден үлкен жүктеме беруге болмайды. Барлығы осыны ескерсе екен дейді білікті бапкер. Ал, боксшылар жаттығу екпінін жай-жаймен үдетіп, 1-2 ай көлемінде толық бапқа келуді көздейді. Яғни, карантинге дейін физикалық жағдай қандай болса, алдымен сондай деңгейге жетіп алу қажет. Одан кейін барып кәсіпқой шеберлікті шыңдауға басымдық беріледі.

«Үйде жатып форманы жоғалтып алдық. Әрине, карантин кезінде де жаттығулар жасадық. Бірақ, ол ашық аспан астындағы дайындықтарға не оқу-жаттығу жиындарына жетпейді. Үзілістің 2 айға созылғаны қиын болды. Біз бастапқыда 1-2 аптада карантин аяқталады деп ойлағанбыз. Амал жоқ, қалыптасқан жағдайға беймделуге тура келді. Әсіресе, әлеуметтік желідегі арнайы бағдарлама арқылы бапкерлермен байланыста болды. Сол жерде ұлттық құрама мүшелеріне сабақтар өткізді. Жаттығулар жасатты», – дейді ұлттық құрама мүшесі Сағындық Тоғамбай.

 Иә, бұл жағдайды ұлттық құраманың басы-қасындағылар да жақсы біліп отыр. Сондықтан, дәл осы бокс өкілдері басқа спорт түрлеріне қарағанда алғаш болып оқу-жаттығу жиындарын бастамақ. Яғни, Асқар Еркебаев баптайтын жігіттер 25-ші мамырда Алматыға аттанады. Ол жерде еліміз бойынша 30 былғары қолға шебері жиналады. Иә, 30 ғана. Қалыптасқан жағдайға байланысты осындай талап бар. Сондықтан, ұлттық олимпиадалық комитет ең негізгі деген боксшылардың басын бір жерге қоспақ.  Олимпиадалық өзі 8 салмақ дәрежесі ғана ғой. Сәйкесінше, әр салмақтағы 1-ші, 2-ші және 3-ші нөмірлі жігіттер шеберлік шыңдайды деген сөз.

«Алматыдағы оқу-жаттығу жиынында барымызды салып дайындаламыз. Карантин кезінде көп демалып, тіпті, кейбір әдістерді ұмытып та қалыппыз. Бірақ, оны 1-2 апталық тұрақты дайындық кезінде қалпына келтіреміз. Оқу-жаттығу жиынын тағатсыздана күтіп отырмыз. Құлшыныс керемет. Көңіл-күйіміз жақсы. Арманым – олимпиада чемпионы атану. Бұл тек менің ғана емес, кез-келген боксшының арманы ғой. Біз енді ғана ересектер қатарына қосылдық. Яғни, біз үшін нағыз бокс енді басталып жатыр. Алдағы жылдары барлық мақсаттарымды кезек-кезек орындап, олимп шыңына көтерлу үшін аянбай еңбектенем», – дейді ұлттық құрама мүшесі Нұрбек Оралбай.

 Нұрбектің ересектер қатарына енді қосылса да, осынша құлшыныс танытқаны қуантады. Өйткені, ол 81 келіге дейінгілер арасында өнер көрсетеді. Ал, бұл салмақта ел намысын біраз жыл Василий Левит қорғағаны анық. Алдағы олимпиадаға да сол барады. Бірақ, Василийдің жасы ұлғайып жатыр. Физикалық бабы қалай болар екен деген сұрақ көбейіп еді. Міне, енді оның орнын алмастыра алатын лайықты толқын барына көз жетті. Жалпы кейінгі кезде ұлттық құрамада резерв мәселесіне жіті көңіл бөліне бастады және бас бапкер Ғалым Кенжебаев осындай жастарға  мүмкіндік беріп, тәуекел жасаудан қорықпайды. Қалай болған да карантиннен кейінгі оқу-жаттығу жиыны ұлттық құрама үшін аса пайдалы болады деген үміттеміз. Айтпақшы, бұндай дайындықтар спортшылармен қатар олардың жеке бапкерлеріне де керемет мектеп болып саналады. Яғни, олар да өзара тәжірибе алмасады, шеберлік бөліседі дегендей.

АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button
Жабу
Жабу